Posted by: rauan | Қараша 16, 2011

КОРЕЙ СТУДЕНТІ 2: КОФЕ

Корея мен кофе – егіз ұғымдар десем, әрине, тапа-тал түсте көпе-көрнеу асыра сілтеген болар ем, алайда бұл елді кофесіз елестету әсте мүмкін емес. Кофені өсірумен де, өндірумен де, тіпті өңдеумен де айналыспайтын елде есесіне әр қадам аттаған сайын кофеханалар самсап тұр. Егер біреулер қазақты шайқұмар халық дейтін болса, онда корейлерге кофеқұмар деген теңеу дөп келетін сияқты. Әсіресе, кофені көбіне-көп ұйқыашар «дәрі» санайтын қазақ үшін корейлердің асқан кофешілдігі қапелімде таңсық көрінері хақ.

Мұндағы өмір тым қарбалас. Бір минут кідіруге мұршасы жоқ жанталасқан халық. Ол түсінікті де. Ересектер үшін жұмыс, ал оқушылар мен студенттер үшін оқудан маңызды ештеңе жоқ. Әдетте асыға аяңдап бара жатқан халықтың арасынан кофе ұстаған адамдарды жиі кездестіруге болады. Ал Америкадағыдай пицца немесе бургер асап, қос ұртын кезек-кезек бұлтыңдатып бара жататындар жоқтың қасы.

Әсіресе, студенттер көбіне сырттан аудиторияға кофе ұстай келеді. Сүйтіп әрі асқазанын жібітіп, әрі ұйқысын ашып, бір оқпен екі қоянды қатар атады. Студенттерді қойып, кейде профессорлардың өздері дәріс үстінде кофеден сораптап тұратыны бар. Бұл жергілікті студенттер үшін әбден қалыпты жағдай. Енді ше, ол да біз секілді адам ғой. Біздің елде ғой ол… білдей профессор… сосын адам.

«Dunkin’ Donuts’» корейлердің ұлттық мақтанышы

Корейлер кофені тек сусын түрі ретінде біледі десеңіз, қатты қателесесіз. Өзегіңді жалғайтын, шөліңді басатын, бойыңды жылытатын сусыннан бөлек, кофе ішу сонымен қатар белгілі бір демалыс түрі болып саналады. Досыңмен кездескенде, жұмыс пен оқудан қажығанда, немесе кітап оқып, өзіңмен өзің оңаша болғың келгенде кофеханалар таптырмас жайлы орын. Сонан кейін әлдебір мейрамханадан кекірігің атқанша лықа тойып, асқазанның қажетін артығымен өтеген соң әдетте, тоқ басу үшін кофе ішуге бару Кореяда кең тараған үрдіс. Түскі немесе кешкі астың ақшасын досың, яки танысың төлеп, сізді қонақ қылған болса, оның қайырымы ретінде кофеге шақырғаныңыз әбден дұрыс болады. Егер мейрамханада ұятыңыз сыр беріп, «бірігіп төлейік» деп таласып-тармаса бастасаңыз, «сен онда қазір кофе алып берерсің» деп ыңғайсыз жағдайдан оп-оңай шығып кететін жағдайлар аз кездеспейді. Ал кофеханаға барған соң корейлер кофені пирожное секілді түрлі тәтті-пәттімен жегенді өте-мөте жақсы көреді. Сонымен сен де ризасың, ол да риза, ешкім бір-біріне қарыз болып қалмайды.

Бүкіл әлемде кең тараған Srarbucks-тің корейше жазылуы маған басында қызық көрінді

P.S. Елде жүріп кофені сусын деп білмейтін мен де мұнда келгелі тіміскілеп кофе іздеп тұратын болдым. Сүт қатқан қою күрең шайдың орнын бұл күнде кофе басты. Корейге өтіп кеттің деп сөге көрмеңіздер!..


Responses

  1. Хмм “Ал Америкадағыдай пицца немесе бургер асап, қос ұртын кезек-кезек бұлтыңдатып бара жататындар жоқтың қасы” дегенімен келіспес едім. Американы да, өзге әлемді де кино арқылы танып жатырмыз ғой. Көбіне кинода ондай сәттер жарнамалық мақсатта көрсетіледі. Америкада денсаулық сақтау жүйесі ақылы болғандықтан не жеп, нені жемеу дегенге баса мән береді. Ларамиде тіпті дүкендегі әр тағамның сыртында қанша калориясы бар екені, құрамында не бар екені тізіліп жазылады. Сосын қоғамдық тамақ ішетін орындарда әр адамға қандай тамақ жеген дұрыс екенін көрсетіп қояды. Жаңғақ қосылған тағам болса, оны да ескертеді. Өйткені кейбіреулерде аллергия болуы мүмкін. Ал бургерге көбіне демалыс күндері барады. Себебі бұл отбасылық мейрам, америкалық дәстүрдің бірі болып қалыптасқан. Фастфуттар өте көп. Мен көрген америкалықтар тамақты талғап жейді. Кофені де корейлерден кем ішпейтіні рас. Бірақ кейбіреулерінің шайға да, суға да, тіпті кофеге де мұз қосып ішетіндерін түсіне алмай жүрмін.

    • Америка деген соң таяқтың бір ұшы сіздің жаққа тиіп кетіп жатыр ма, Асеке?!))) Кешір, расында біз тек кинодан танып-біліп үйреніп қалғаннан кейін бәрі солай екен ғой деп сүйек-мүйегімен талғамай жұта салатынымыз рас. Әйтпесе, әлемге үстемдігін жүргізгісі келетін ел тамақ жеудің мәдениетінен, тәртібінен жаңылып не болыпты? Ненің пайдалы, ненің пайдасыз екенін солардан артық білетін ешкім жоқ шығар.

  2. Әзірге табанымыз тимеген Корея туралы да өзіңнен біліп жатырмын ғой. Әйтпесе менің де көзқарасым Корей киноларымен және айналамдағы бірді-екілі кәрістерге қарап біліп жатырмын. Жазбаларыңа, суреттеріңе көп рахмет!

    Медианың ықпалы қазір дүрілдеп тұр. “Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс”. Америкада ғылым және оны қолданысқа енгізу жағы қатты дамыған.

    Сондықтан америкалықтардың мықтылығын танытатын фильмдерді сырт елдер сатып алып, кинотеатрында көрсетпесі түсінікті. Сосын ғой біз көбіне ақымақ, семіріп кеткен америкалықтар туралы көп кино көреміз. Соны көру үшін ақша төлейміз. Өйткені бұл бізге қанағаттану сезімін сыйлайды. Түптеп келгенде бұл – Ресейдің өз халқына насихаты. Біз де сол ресейдің медиа қармағындағы жемнен татып жүрміз…

  3. Кореядағы кофеханалар ұнайды. (Бірақ кәдімгідей қымбат. )))) Себебі, біз достарымызбен бірге барып сабақ оқығанға жақсы. Оқу залдарында тыныштықты сақтау керек. Сол себепті кофеханалардың біріне барып, сабақ оқып, бір-бірімізге түсіндіретін кездеріміз болады. Сосын түскі немесе кешкі асқа дейін/кейін біреумен кездесу керек болса да, баруға ыңғайлы орын.
    Сосын жақында бір қызық естігем. Мұнда “Сеулдік қыздар” “Американо” ішетін көрінеді. Басында бәріміз тәттісіне жүгіретінбіз. Кейін осыған үйрене бастап ем, жанымдағы қыз “Сеулдік қыз” бопсың ғой дейді. Сонда білдім ))) Біздегі “қаланың қызы”, “ауылдың қызы” деген сияқты бұлар жа бөлетін көрінеді )))

    • Сеулдік болғың келсе, “Американо” ішу керек дейсің ғой?)))

  4. Jaksy bir kofe isheik, osy senbi kuni.
    Telefon shalamin. Aitpakshy DongDaemoonda seoul lantern festival bolip jatyr deidi.

    Bitip ketpesten buryn baraik.

    • Жарайды, иншАллаһ! Күтемін.

  5. (Бұл кофэге аса қатысы жоқ, десе де ккк…)
    Бір таң қалғаным, бізде сабақ сайын студенттер кезектесіп, профэссорға кофэ немесе сусын сатып алып әкеп қояды. Профессорға деген құрметтерті ерекше. А, сосын мен сатып алғам, енді сенің кезегің деу жоқ. Сатып алып бергісі келген адам, тып-тыныш барып әкеп қояды. Оны кімнің сатып әкеп қоятынын да профессор білмейді. Рахметін айтып кете береді. Ара-тұра сондай жақсы ниеттер мен істерді көріп таңқалып жүрем )))

    • Ал енді мен керісінше жағдай айтайын, бүгін корей тілі сабағының мұғалімі үзілісте өзімен бірге бізге де кофе ала келіпті. Бүгін алабөтен сабақта тек екі студент болдық. Соған риза болды ма екен? )))

      • Тілдік курстағы мұғалімдер сөйтіп сатып алып беріп тұрады кейде. Екі студенттің келгеніне қуанған болса керек. Келмесе, себебін сұрап бәле қып жатады. Өзінің сабағын дұрыс өтпей жатырмын ба деп… Оның үстіне біткен соң, студенттер мұғалімдерге баға беру керек қой.


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Connecting to %s

Категориялар

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.