Осыдан бір-екі жыл бұрын турасында болуы керек, «Қазақстан» телеарнасынан Оңтүстік Кореяда қазақ тілін оқып жатқан корей студенттері туралы арнайы хабар берілгенде, көгілдір жәшіктің ішіне түсіп кетердей боп, әрі таңырқай, әрі сүйсіне тамашалағаным есімде. Бір ғажабы сол, сонау қиыр қонып, шет жайлаған елдің шәкірттері қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, домбырамен күмбірлете күй төгіп, қазақша би билей алады екен. Мен үшін үлкен жаңалық сол болды. Шіркін, осыларды өз көзіммен көріп, жүзбе-жүз танысып, көзбе-көз тілдесер ме едім деген арман көңілімде сол кезде көктесе де, қым-қуыт тіршіліктің қарбаласымен көңіл түкпірінде көміліп қала барыпты. Алайда араға жылдар салып, сол арманның шынарына қол созатынымды өзге түгіл өзім сездім бе екен десеңші. Армандар орындалады екен. Олай дейтінім, аяқ астынан Оңтүстік Кореяға оқу бағдарламасымен жол тарттым, өзге емес, ел астанасы – Сеулге топ еттім, онда да бақ-талайыма қарай ондаған басқа оқу ордалары емес, Ханкук Шетел Зерттеулері университетінде білім алу бұйырды. Ал қазақ тілін оқытатын Орта Азия тілдері кафедрасы дәл осы оқу орнында орналасқан.
«Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» демекші, осында білім алып жатқан, жүрегі елім деп лүпілдеген қазақ студенттерінің бірі (Аллаһ разы болсын оған!) қазақша білетін Поң Хён есімді корей студентімен танысуыма себепші болды. Поң Хёнмен ә дегеннен әңгімеміз жарасып жүре берді. Өткен жазда Алматыда, Семейде болып қайтыпты. Менің көкейімді тескен сұрақтар әлбетте белгілі, барынша әдептен аспауға тырысып, сауысқанның сақтығымен сыр суыртпақтаймын ғой баяғы. «Не ұнады Қазақстанда?» деймін, іштей қандай жауапқа да дайын отыруға бекініп. Мұндай сұрақты күтпеді білем, ә дегенде тосылыңқырап қалды. «Табиғат… өте әдемі! Тамақтары ұнады. Шашлык, лағман, палау, самса…» Өкініштісі сол, бұлардың ешқайсысы қазақтың тағамы емес еді. Бірақ оны айтып жатудың қажеті қанша? «Ааа, «Балтика» сырасы, айтпақшы» деді бір кезде жұлып алғандай. Ең ұнағаны осы болды-ау деп топшыладым іштей. Оның да қазаққа алты аласы, бес бересі жоқ, әрине. «Қазақтың қыздары қалай екен?» деймін аузына сөз салғандай боп. «Біздің қыздардан гөрі әдемірек. Бірақ бәрі дерлік биіктігі жарты қарыс біз тақа киеді екен» деді күліп. Онысы рас енді. Өз басым бұл жақта биік тақамен қалт-құлт етіп бара жатқан қыздарды көрмедім, көрсем де көңіл бөлмедім. «Ал көңіліңе көлеңке түсірген нәрселер болды ма?» деймін мен де тықақтап. Сүйтсем, Алматының көшелеріне сыймай, ағылып-төгіліп жататын сансыз көліктерден көрген екен көресіні. Ол да әрнені айтып, «әдептен» аспауға тырысты, әрине.
Таныстық деген кейде тарқатылған жіп секілді емес пе, бірден бірге жалғасып кете барады. Бір нәрсе бір нәрсеге себепші ғой өзі қашан да. Орта Азия тілдері кафедрасы орналасқан кампус Сеулден екі сағаттық жердегі Ёңин қаласында еді. Әне барам, міне барам деп жүргенде ойда жоқта Поң Хён хабарласты, Жұма күні «Орта азиялықтар түні» атты студенттердің іс-шарасы өткелі жатыр, қолың бос болса келуге тырыс деді. Ойбай, қолым бос болмақ түгіл кісендеулі болса да барам, күтіп ал деп хабар жібердім едел-жедел. Сонымен, қасыма сенімді серік қосып алып, Жұма күні «білміллә» деп жол басына шықтым.
Кампустың орналасқан жері қатты ұнады, таудың ортасында, мәуелі бау-бақтың ішінде екен. Тап-таза табиғат мүлгіп тұр. Танауыңды қытықтаған жасыл құрақтың, көкорай шалғынның иісін құмарың қанбай жұта бергің келеді. Құдай-ау, у-шудан алыс, тұп-тұнық ауасы бар мынадай жерде оқыған адамның ақыл-ойы екі есе алғыр болатын шығар деп қоямын іштей.


Кампусты жаяу-жалпы бір аралап шығып, Орта Азия тілдері кафедрасына бет түзедік. Онда бізді аталған кафедраның меңгерушісі, профессор Сон Ёң Хун мырза күтіп отыр. Ол Кореядан Қазақстанға алғаш тың салушылардың бірі, кезінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде алты жылдай уақыт жұмыс істей жүріп, қазақ тілін үйренген. Кейін елге оралған соң Ханкук Шетел Зерттеулері университетінде Орта Азия тілдері кафедрасын ашқан. Сүйтіп 2000 жылдардан бері қарай талай корей жастарының қазақ тілінде тіл сындыруына түрткі болған жан.
Профессор Сон Ёң Хун мырза бізді өте жылы қабылдады. Салғаннан жік-жаппар боп хал-жағдайымызды сұрастырып жатыр. Көптен ашылып ешкіммен хал-жағдай сұраспаған, тіпті қол ұшын беріп амандасуды да ұмыта бастаған көңіліміз аздап жетімсіреп жүр еді, профессордың ашық-жарқын әңгімесінен бірден қазақылықтың лебі есіп сала бергендей болды. Туһ, шіркін, өзінің шаруасы шалқып тұрмаса да, ешқашан өзгенің хал-жайын, мал-жанын сұрауда сараңдық танытып көрмеген қазақтың кең-дария шалқар пейілінің қадірін осындайда ұғынады екенсің!
Профессор Қазақстаннан кеткеніне бірнеше жылдар өтсе де қазақ тілінде емін-еркін сайрап тұр. «Көп сөздерді ұмытып қалыппын, бұрын ағып тұрушы ем» дейді ағынан жарылып. Профессор отырған кабинетті көзбен шолып, әр нәрсеге зерделей қараймын. Сенесіз бе, көзге іліккен нәрсенің бәрі Қазақ елі туралы сыр шертіп тұрғандай. Ұлттық калориттегі сувенирлер, том-том кітаптар, күй табақшалары, сырмақ, жалауша, бәрі-бәрі көзіңе жылы ұшырайды.
«Орта азиялықтар түні» атты студенттер іс-шарасын көруге асығып, өзге ғимаратқа келдік. Міне, қызық, залға кіріп келе жатып қызылды-жасылды қазақ ұлттық киімдерін киген студенттерге еріксіз көзіміз түсті. Өзара корейше шүлдірлесіп жатса да, біртүрлі өз қандастарың секілді іш тартып қалады екенсің.
Сонымен концерт басталып кетті. Алғаш болып сахнаға шыққан Қайрат (корейше есімін білмедім, өкінішке қарай) деген жігіт домбырамен «Балбырауын» мен «Ерке сылқымды» нәшіне келтіре орындады. Залдағылар тегіс іштен тынып, күмбірлеген қос ішектің құдыретті әуеніне елітіп қалғандай. Күй бітер-бітпесте көрермен дүркірете қол соғып, дуылдатып ала жөнелді.
Қайратпен кейін оңаша тілдесудің сәті түсті, жарқылдаған жайсаң жігіт екен. Күй ойнауды Қазақстанға бір семестрге оқуға барғанында үйренгенін айтты. Домбыраның құлағында ойнайтын жігіт бес айда барлығы он екі күй үйреніпті. Таңғалып, бас шайқамасқа шараң жоқ.
«Қазақтың тағамдарын сағындым» дейді сөз арасында. «Бешбармақты жеп көрген шығарсың?» деймін ойымда ештеңе жоқ. «Әрине, мен оны қалай дайындауды да үйреніп алдым, осында кейде өзім пісіріп тұрам» дейді ол күлімсіреп.
Қайраттан кейін сахнаға шыққан қазақ ұлттық киіміндегі бір топ қыздар мен жігіттер қазақ биін билеп, құйқылжыған күйдің ырғағымен бірден көрерменнің көңілін елітіп әкетті. Әрине, өзіміздің бишілердей қайдан болсын, бірақ ешқандай үйретушісіз, жетекшісіз өз беттерімен үйренгенін есепке алсақ, осының өзі үлкен мақтау-мадаққа лайық деп ойлаймын.
Одан кейін концерт қазақ-өзбек әндерімен араласып, алма-кезек өрби берді. Әсерлі кештің соңы Қазақстан мен Өзбекстан туралы викториналық сұрақтармен жалғасын тапты. Өз еліміз туралы көп нәрсе білетін корей студенттерінің біліміне көңіліміз көп-көрім көтеріліп қалды. Сайыс нәтижесі бойынша соңғы сұраққа дейін сүрінбей жеткен студентке жүз доллар көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.
Айтпақшы, кештен соң қазақ тілін оқып жатқан студенттермен бетпе-бет кездесіп, бір-екі ауыз тілдесудің сәті түсті. Жанар, Жұлдыз, Әлия, Аида деп жағалай таныстырып жатқандардың жартысының есімін ұмытып та үлгердім. Есімдеріне қарап қазақтар екен деп ойлап қалмаңыз, өздері меңгеріп жатқан тілде екінші ат иемдену үйреншікті нәрсе. Әрі қазақтарға да бұл есімдерді есте сақтау әлдеқайда оңайға соғары анық.
Мұнда барлығы елуге жуық студент қазақ тілін меңгеріп жатыр екен. Менің қазақша сөйлегеніме қыран-топан күліп, «қазақша тап-таза сөйлейді екен» деп таңырқасып жатты. Мұның астарында не жатқанын өздеріңіз де айнытпай ұғып отырған шығарсыздар.
Бұрын теледидардан көріп жүрген қазақ тілі пәнінің оқытушысы, отандасымыз Ләйла апайды да осында кезіктірдім. Өкінішке қарай, уақыттың тығыздығына байланысты көп сөйлесудің сәті түспеді.
Сүйтіп, Ёңиндегі көптен күткен ортаазиялықтар түні бір демде өте шықты. Ашық-жарқын жүздесулер, таныстықтар, өз еліңе деген жат жердегі ықылас-құрметті көріп көңілім өсіп, ерекше марқайып қалдым. Тілдерінде ғана емес, мінездерінде де қазаққа ұқсастық бар корей студенттерімен қимай қоштастық.
Біз мінген автобус күре жолға түсе салып әлденеге асыққандай Сеулге қарай ағыза жөнелді. Ал көңіл деген көк дөнен Кореядағы қазақ тілінің алтын бесігіндей болған Ёңинде қалып бара жатты…


Тақырыпты көріп, Бақытнұрмен кездескен екенсің деп қалыппын ғой. Десе де әсері мол жүздесу болған екен. Сонда деймін-ау, Рауаш, әлгі студенттерге қазақ тілі болашақ карьераларына қалай көмектеседі екен?
By: urimtal on Қараша 21, 2011
at 1:07 am
Дәл осы тақырыпқа келесі материалымды дайындап жатырмын, сондықтан сұрағыңа жақын күндері жауап аласың ғой деп ойлаймын. Айтқандай, Бақытнұрмен кеше кездестік, жақсы отырыс болды.))
By: rauan on Қараша 21, 2011
at 3:31 am
Рауан қандай әдемі жеткізе білгенсің,Өте жақсы мына жазбаңды оқып отырып өзімде сол кеште бірге жұргендей көз алдымда өтіп жатты..
Жарайды Рауан келесі жазбаңды кутіп жүреміз.
By: Көкбөрі on Қараша 21, 2011
at 12:11 pm
Рахмет, Жәке, біздікі тек көзбен көргенді тілмен жеткізу ғой. Бәлкім өзім де сол кештен үлкен әсер алғандықтан шығар…
By: rauan on Қараша 21, 2011
at 12:35 pm
Rauan, tagy da bir jolygaik. Aitylmagan angimeler bolsa bitirip degendei. Men ozim Seulge barganda habarlasaiyn. Bizdin semyamyz da birge baratyn shygar.
By: Bakytnur on Қараша 22, 2011
at 1:38 am
Әрине, мен тек қуана келісем ғой!)) Онда хабар өзіңізден болсын.
By: rauan on Қараша 22, 2011
at 5:39 am