Posted by: rauan | Қараша 22, 2011

КОРЕЙ ЖАСТАРЫ ҚАЗАҚСТАНҒА НЕГЕ ҚҰМАРТАДЫ?

Естеріңізде болса, өткен жазбамда Кореядағы Ханкук Шетел Зерттеулері Университетіндегі Орта Азия тілдері кафедрасында оқып жатқан корей студенттері туралы айтқан едім. 2004 жылы алғаш түлектерін ұшырған бұл кафедрада бүгінде елуге жуық студент қазақ тілі мамандығы бойынша білім алып жатыр. Бұл, әрине, біз үшін үлкен қуаныш. Әйтсе де, корей жастарын қазақ тілі несімен қызықтырып отыр деген заңды сауал туындайтыны анық. Осы сауалдар төңірегінде аталған кафедра түлегі Ли Со Ыймен бір-екі ауыз тілдескен едік, соны назарларыңызға ұсынамын.

— Әу баста қазақ тілін меңгеруіңе не түрткі болды? Жалпы корей студенттерінің қазақ тілін таңдаудағы басты себебі неде деп ойлайсың?

— Ең алғаш Орта Азия туралы мектепте оқып жүргенімде тарих сабағынан біле бастадым. Әсіресе, біздің халқымыздың сол мемлекеттерге күшпен қоныстандырылуы туралы деректер менің Орта Азияға деген қызығушылығымды арттыра түсті. 1991 жылы Кеңес өкіметі ыдырап, тәуелсіздік алған жас мемлекеттер өз алдына дербес даму жолына түскеннен кейін Қазақстанның Орта Азиядағы үзеңгі мемлекеттерден оқ бойы оза шыққаны байқалды. Кореяның тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жедел қарқынмен дамығаны сияқты Қазақстанның да санаулы жылдар ішінде шет елдермен мызғымас дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, жер-жаһанға тез таныла бастауында, экономикасының қарқынды дамуында біздің елмен тағдырлас, тамырлас сабақтастық жатқандай көрінді. Әлем елдерінің көз алдында Қазақстан күн сайын өзгеріп, өркендеп, дамып келеді. Оның үстіне Қазақстан жерасты, жерүсті қазба байлықтарына бай ұлан-ғайыр ел болғандықтан даму мүмкіндігі зор мемлекеттер қатарына жатады. Міне, осы факторлардың бәрі әу баста беймәлім болып келген жаңа мемлекеттің тілі мен мәдениетін оқып, үйренуіме түрткі болды.

Соңғы жылдары қос елдің арасындағы достық, туыстық қарым-қатынастың нығая түсуі де келешекте осы саланың мамандарын қажет ететіні анық. Президентіміз Ли Мен Бактың Қазақстанға барған әр сапарында қол жеткізілетін уағдаластықтар көптеген корей студенттерінің бойында үміт отын жағып, Орта Азия мемлекеттерінің, соның ішінде Қазақстанның тілін үйренуге себеп болады ғой деп ойлаймын. Өз басым Қазақстанның жарқын келешегіне сеніп, тілін меңгеруге бел байлаған болатынмын.

— Бұл күндері қазақ тілі мамандығы бойынша бітірген түлектердің ішінде өз саласында жұмыс істеп жатқандары бар ма?

— Қазір Ханкук Шетел Зерттеулері Университетінің Орта Азия тілдері кафедрасында сабақ беріп жүрген түлектер бар. Кореяға келуші Ортаазиялықтарға гид боп қызмет көрсететіндерді білемін. Бірақ, шындығын айту керек, өз саласында жұмыс істеп жатқан түлектер саусақпен санарлық. Кореяда әзірге қазақ тілін қажет етіп жатқан мекеме жоқтың қасы. Ал Қазақстанда қазақ тілінен бұрын орыс тіліне сұраныс басым. Сондықтан қазақ тілі мамандығын бітірген түлектер жұмыс таба алмай, дағдаратыны жасырын емес. 2004 жылдан бері университет қабырғасынан түлеп ұшқан мамандардың көпшілігі өзге салаға ауысып кетті немесе екінші мамандық ретінде өзге тілді игеруде. Кейбіреулері Англия, Өзбекстан, Қазақстанда оқуларын жалғастырып жатыр. Келешекте Орта Азияға қатысты салада жұмыс істейтін студенттер саны көбейетініне үміттенгім келеді.

— Қазақ тілін оқу барысында қандай қиындықтар кездесті? Кезінде дәл осы тілді таңдағаныңа өкінбейсің бе?

— Қиындықтар, әрине, көп болды. Әсіресе, сөздіктің жоқтығынан қатты қиналдық. Қолда бар жалғыз корейше-қазақша сөздіктің сапасы мәз емес, ондағы сөздердің нақты мағынасын түсіну үлкен қиындық туғызады. Көбінесе іздеген сөздерді таппай дал боламыз, ал қате жазылған сөздер тіптен миыңды шырғалаң қылады. Сол себепті тіл игерудегі ең басты нәрсе – сөз жаттау жағы ақсап жатты. Кейде амалымыз таусылған соң корейше-орысша, орысша-корейше сөздікке жүгінуге мәжбүр боламыз, бірақ оның да қиындығы шаш-етектен. Өйткені, біріншіден, орыс тілін меңгеруіміз керек, ал меңгерген күнде де бір тілден екіншісіне аударып отыру қайран уақытыңды ысырап қылады. Екіншіден, қандай да бір тілді меңгергенде ешқандай бөтен тілді араластырмай, төте аударып үйренгеннің маңызы зор. Ал үшіншіден, орысшаға немесе ағылшыншаға қарағанда қазақ тілінің грамматикасы корей тіліне өте ұқсас. Әйтсе де, осындай қиындықтарға қарамастан қазақ тілі мен корей тілі Алтай тілдер тобына жтатындықтан тез үйрендім және қазақтармен сөйлесу арқылы қызығушылығым арта түсті. Әрдайым Қазақстанға барып, үйренгенімді тәжірибе жүзінде қолданып көргім келеді. Кейін мүмкіндігім болып жатса, Қазақстанға барып, білімімді толықтыру ойымда бар. Қазақ тілін білгеніме еш өкінбеймін.

Білуімше, кезінде Қазақстанға барып, бір семестр білім алып қайттың. Сол сапарыңда өзің үйреніп жатқан тілге байланысты көңілге түйген нәрселер болды ма?

— Қазақстанда қазақ тілін мемлекеттік дәрежеде қайта қолға алып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Кезінде Қазақстанға оқуға барғанымда да осы жағдай қазақ тілін алаңсыз үйренуге деген сенімімді арттыра түсті. Әсіресе, мен оқыған КИМЭП-те қазақ тілі міндетті пәндердің бірі болатын. Осы күні сол жердегі жергілікті студенттермен бірге оқығанымды ерекше есіме аламын. Әрине, өз тілін білмейтін немесе біле тұра сөйлегісі келмейтін студенттер де аз кездескен жоқ. Ащы да болса айтайын, қазақ халқының санасының әлі өзгермегені жаныма батады. Қазақ тілін үйреніп жатқан шетелдік студенттерге сенімсіздікпен, сезіктене қарайтыны өкінішті. Шамасы өз Отанында қажетсіз тіл бұларға неге керек бола қалды екен деген күдік иектейтін болуы керек. Шіркін, егер олар қазақ тілінің қандай керемет екенін білсе, өз ұлтына, тіліне деген мақтаныш, сүйіспеншілік пайда болар еді деп ойлаймын. Мемлекеттің дамуы тек қана экономикалық көрсеткіштерге байланысты емес, оның азаматтарының намысы мен рухы кез келген ортақ іске жұмыла кірісудегі ең басты факторлар дер едім.

— Әңгімеңізге рахмет!

 


Responses

  1. Қазақстанда алғаш корей тілін үйреніп жүргенде бірнеше кәріс студенттерімен танысқанмын. Бір рет курстастармен Медеуге баратын болдық. Кәріс досымды шақырсам, “ой, олардың бәрі орысша сөйлейді ғой, барғым келмейді” деген. Олардың айтуынша, Қазақстанда қазақ тілінде практика жасау қиын дейді. Қазақстанға барып, орыс тілін үйренемін деушілер де аз емес.
    Сосын сөздік мәселесі тек корей студенттеріне ғана емес, қазақ тобының студенттеріне де қиындық туғызып отыр. Әзірше кәріс тілін терең меңгерген мамандардың жетіспеушіліген, ал меңгерген адамдардың ішінде қазақ тілінен білімінің таяздығынан, мамандардың күн көріс қамы үшін жүргендіктері (яғни, корей тілін тек сол үшін пайдаланып, бірігіп үлкен іс істеуге құлықтарының жоқтығы) ақсатып отыр.


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Connecting to %s

Категориялар

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.