Семестрдің соңы тақаған соң сабақтар да күрт қиындап кетті. Әрқайсымыздың мойнымызда қос-қостан тапсырма бар. Аралық бақылауға дейінгі өміріміз рахат еді, ара-тұра тапсырма орындағанымыз болмаса, көбіне-көп профессорға қонақтап барғандай қамсыз-қаперсіз жүретінбіз. Тіпті сол өмірімізге ептеп үйреніп те қалып едік. «Жүгі жеңіл есек жатаған келеді» деп, анда-санда профессорымыз үй тапсырмасын бере қалса, мұрнымызды тыржитып, қабағымызды кіржитетінімізді қайтерсің. Ой, өмір-ай!..
Аралық бақылауды тапсырып, семестрдің екінші бөлігіне аяқ басқан соң-ақ баяғы мамыражай тірлігіміздің шырқы бұзылды. «Көтере алмасаң, қоса арқала» дегендей профессорлар үсті-үстіне үйді дерсің тапсырманы. Әр сабақтан презентация, group project дегендері шаршатып бітті. Одан қалса күн сайынғы үй тапсырмасы тағы бар. Мұнда біздегідей семинар сабақта оқушы құсап көптің алдында сабақ айту деген атымен жоқ, сол күнгі тақырыпты бір бетке қысқаша сараптап жазып шығасың да, «e-class» деген университеттік торап арқылы профессорыңа жөнелтесің. Ал семинар сабақта көбіне әлгі презентация мен group project-ке көңіл бөлінеді. Менің негізгі қиналатыным да осылар. Қанша дегенмен озық елдің өрендері емес пе, корей студенттер лып-лып етіп техниканың құлағында ойнайды, презентация дегеннің жеті атасын көрсетеді. Ал group project дегенге аса ыждағаттылықпен, жауапкершілікпен қарайтыны сүйсінтеді.
Негізі осы жүйені біздің оқу саласына да енгізсе ғой деп ойламын кейде. Өйткені презентация студентті өз бетімен ізденуге, ойын, білімін жүйелі жеткізуге, көптің алдында өзін емін-еркін ұстай білуге т.б. көптеген игіліктерге үйретеді. Ал group project ең алдымен топпен жұмыс істеуге, көптің тілін табуға, өз ойыңды дәлелдей білуге, жаңашылдыққа, шығармашылыққа баулиды. Шамасы келешек мамандарды ұжымдық жұмысқа осылай дайындайтын болуы керек. Өйткені Кореяда топтық, ұжымдық жұмыс өте үлкен маңызға ие. Кейде үлкен бір жауапты жұмысқа кіріспес бұрын ұжым болып кафе-ресторанға барып, ортақ мақсатқа қол жеткізу жолында бір-бірінің жігерін жанып, командалық рух қалыптастырады. Ал егер сол ұжымның алдына қойылған тапсырма табысты орындалған болса, бірі қалмай тағы да мейрамханаға барып, әлгі жетістікті міндетті түрде жақсылап атап өтеді.
Group project-тің негізгі мақсаты да осыған келеді, топ мүшелерімен бас қосып, белгілі бір тақырып аясында бірігіп жоба дайындау үшін идеялар ұсынасың, жоспар жасайсың, бағдарламасын түзесің, өзектілігін талқылайсың, зерттеу жүргізесің, сосын оны Power Point-пен мұқият әзірлеп, топпен бірге аудиторияның алдында қорғап шығасың. Ал осы процестердің жүзеге асуы барысында топ мүшелерімен жақынырақ танысудың, тілдесудің, білісудің сәті түседі. Шаршаған кезде бірігіп кофе ішуге немесе басқа да демалыс орындарына баруға мүмкіндік туады. Кореяның оқу жүйесі сонысымен де қызық әрі тиімді сияқты. Қалай дегенмен де әйтеуір құр босқа сенделіп, бекерге уақыт өткізіп жүрмегеніңді сезінесің.
Айтпақшы, ертең group project қорғаймыз. «Файтиң!» деп корейлерше өз-өзіме күш беріп қояйыншы.)))
Сәттілік болсын! Файтиң дегендері кәрісше ме, ағылшыншы ма? Шайқасқа шақырып жатыр ма деп қалдым ғой
By: urimtal on Қараша 29, 2011
at 3:02 pm
Рахмет, Асеке! Меніңше, бұл ағылшын тілінен келген кірме сөз.
By: rauan on Қараша 30, 2011
at 2:25 am
Презентациямен сабақ берген кездерім есіме түсіп кетті. Күні кеше сияқты еді.
Іске сәт. “5″ алу мақсат емес қой, бірақ “5″ алғаныңыз жақсы. (Сіздерде баға әріппен белгіленетін болар?!)
By: Кәусар on Желтоқсан 1, 2011
at 9:25 am
Иә, әдетте профессорлар қанша қойғанын айтпайды, тек өздеріне түртіп алады.
By: rauan on Желтоқсан 1, 2011
at 9:40 am