Posted by: rauan | Желтоқсан 9, 2011

КОРЕЙ СТУДЕНТІ 3: КӨЗІЛДІРІК

Өз пайымымда, егер корейлердің үштен бірі көзілдірік киеді, үштен бірі көзге линза тағады десем, шындықтың ауылынан аса алыстамаған болар едім деп ойлаймын. Жергілікті мемлекеттік статистика мекемесінен тәуелсіз жүргізілген баламалы жеке зерттеуімде дәлдік жетіспеуі мүмкін, оған бола корей үкіметі мені жазғырып, жауапқа тартып, жазалай қоймас.

Алғаш корей жеріне аяқ басқанымнан-ақ, мұнда көзәйнек тағу сән екен деген тұжырымға келгенім есімде. Көзілдірік киюді аса ұнатпайтын елден келген мен үшін мұндай тоқ етер тұжырымға тоқталудың сыры түсінікті де. Өйткені логикалық тұрғыдан алып қарағанда, жасы бар, жасамысы бар, осынша көп адамның жанарында «ақау» болуы мүмкін емес қой. Арада біраз уақыт өткен соң әлгі дүдамал ойымның түбіті шығып,  шамасы бұл жергілікті ұлтқа ғана тән денсаулық кінәраты шығар деген ойға біржола қонақ берейін дедім. Себебі, егер ғылыми емес, тәжірибелік тұрғыдан үңіле қарайтын болсақ, бесіктен күні кеше белі шыққан бес жасар баланың өзі көзілдірік тағады мұнда.

Ұятты жиып қойып, мен жақында көкейімді тескен осы сауалды корей досыма көлденең тарттым. Оның жауабы қысқа болды, «көп адамдар көру қабілетін мектепте оқып жүрген кезде-ақ жоғалтады» дейді ол.

- Неге?

- Өйткені жоғары мектептің (high school) өзінде оқушылар он алты сағат мөлшерінде сабақ оқиды, мұның бәрі көз жанарының нашарлауына әсерін тигізбей қоймайды.

Бұрын мүлдем ойыма кіріп-шықпаған  мына жауап мені расында ойлантып тастады. Осыған дейін ойға түйіп, көңілге тоқыған «гипотезамның» күл-паршасын шығарған жаңа «теорияның» рас-өтірігін тексермек боп, интернетке жүгіндім баяғы. Обалы нешік, досымның айтқаны бір грамм өтірігі жоқ ақиқат болып шықты. Жоғары мектеп оқушысының өзге түгіл тіпті жеке өміріне де уақыты болмайтынына көзім жетті. Егер сенбесеңіз, жоғары мектеп оқушысының күнделікті өмір сүру режиміне көз салыңыз.

Гёңбук шет тілдері жоғары мектебінің оқушыларына арналған күн режимі

6.30 – ұйқыдан тұру

           билеу, аэробика, жүгіруден тұратын жаттығулар кешені;

           Таңғы ас (әдетте күріш, кимчи, сорпа, йогурт, алма);

           Беті-қолын жуу немесе душ қабылдау;

           Жатақхана бөлмесін тазалау, жуу;

7.50 – Мектеп ресми түрде өз жұмысын бастайды

           Яджа деп аталатын оқу бөлмесінде оқушылардың өз бетімен сабақ                  пысықтауы;

9.20 – Әрқайсысы бір сағат немесе 90 минуттан тұратын төрт сабақтың алғашқысы

1.10 – Түскі ас (әдетте күріш, кимчи, сорпа, бибимбап, қызанақ.

            Кейде горох немесе балықпен қосылған спагетти).

1.45 – Өзге сабақтар.

4.00 – Оқушылар өз топтарымен бірге мектепте тазалық жұмыстарын жүргізеді.

4.20 – Келесі сабақ.

6.00 —  Кешкі ас.

7.00 – Оқушыларды тізім бойынша түгендеу және яджада өз бетімен сабақ оқуы. Арасында 30 минуттық үзілісі бар бұл оқу процесі әдетте түнгі 11.00-ге дейін ұласады. Ал емтихан уақыты кезінде түнгі 1.30-ға дейін немесе одан да кеш қалуы мүмкін.

Міне, осындай тығыз кестеге құрылған жүйеде білім алатын Корея оқушылары көз майын мектепте тауысатын болуы керек. Ендеше мұндай жүйеге құрылған оқудан соң мектеп қабырғасынан көзәйнек «кимей» шығудың өзі ұят секілді…

Корей студенттерінің көру қабілетінің төмен болуының тағы бір себебі тікелей техникамен байланысты. Теледидар, компьютер, нетбук, айпад, айфон т.б. заманауи құрылғылар үнемі студенттің қасынан табылатын айнымас серігі болғандықтан, оның да үлкен мөлшерде көзге зардап-зиянын тигізіп жатқаны анық.

Бірақ көзімізді құртамыз-ау деп ілім-білімнен, техникадан бас тартып жатқан ешкімді көрмейсің. Өйткені бұның бәрі бүгінде қай салада да жоғары жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген Корея қоғамының бөлінбес бөлшегіне айналып кеткелі қашан.


Responses

  1. Бір жақсысы, бір-екі күн күтіп жүрмейсіз. Бес минутта көзілдірігіңізді жасап, қолыңызға ұстатады. )))
    Бірақ, баланы кішкене кезінен шектеуі дұрыс емес деп ойлаймын. Бәрі программа бойынша болғандықтан, баланың өз қабілетін дамытуына кері әсерін беретін сияқты.

    • Иә, менің кейбір корей таныстарым да сол проблеманы алға тартады.


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Connecting to %s

Категориялар

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.