Posted by: rauan | Желтоқсан 11, 2011

КОРЕЯДАҒЫ “ҚАЗАҚСТАН”

Ойымда ештеңе жоқ, корей тілі сабағында отырғанмын, бүгінгі тақырып «Ресторан» болғандықтан ба, мұғалім кенет «Сеулде қазақ асханасы бар ма?» деп сұрады менен. «Жоқ» дедім амалсыз мұрнымның астынан міңгірлеп.  Қапелімде менің қысылғанымды сезініп ол да ыңғайсызданып қалды. Сонымен бүгінгі тақырыпқа орай өрбуі тиіс диалогымыз осы жерден кілт үзілді. Арада біраз уақыт өткен соң тобымызда бірге оқитын «мигук сарам» (америкалық) өз нетбугынан интернет кезіп отырып: «Сеулде «Қазақстан» деген ресторан бар екен» демесі бар ма? Ал саған керек болса! Алдыңғы қысылған қысылған ба, енді тіпті қысылғаннан қыз болайын дедім. Әрине, білмегенім үшін. Бір жағынан жат жұрттың алдында біздің де ел қатарлы өз асханамыз барына марқайып қалдым. Бұл да болса көңілге жұбаныш…

Елдің дәмін сағынған  түлкіқұрсақ студенттер Доңдэмун ауданында орналасқан «Қазақстан» ресторанын (ресторан деуге келе қояр ма екен?)қуыс-қуысты аралай жүріп әрең таптық. Алыстан менмұндалап шақырып тұрар көрнекті жерде орналаспаса да, бір жақсысы сол жердегі өзбегі, орысы, қырғызы мен моңғолы аралас орыстілді жамағайын жақсы біледі екен «Қазақстанды», сұрай қалсаңыз мүдірместен жөн сілтеп жібереді. Біз жол сұраған қырғыздың айтуы бойынша сол жақтағы тар көшеге түсіп, әр ғимараттың маңдайына бір жалтақтап келе жатқанымызда алдымыздан Қазақстанның туы жарқ ете қалды. Біз іздеген «Қазақстан» осы еді!..

Біз келгенде дәл ортадағы қосылған екі үстелдің басында дабыр-дұбыр айғайға басып шетелдіктер отыр екен, араларынан өзіміздің қаракөз қарындастарымызды байқап қалдық, шамасы солар қонақ қылып жатқанға ұқсайды. Ал шеткі үстелдерден өзіміз секілді бірен-саран қазақ студенттері көзге шалынды.

Ресторанның іші қазақы стильде жасалғаны бірден байқалады. Жалаушалар, ою-өрнектер, қабырғада ілулі тұрған картиналар, қамшылар, батырдың қалқаны, экраннан көрсетіліп жатқан қазақстандық эстрада жұлдыздарының бейнеклиптері т.б осыны аңғартады. Қазақылықтың иісі аңқып тұруы үшін мейрамхана иелерінің осындай жайлы атмосфера туғызуға барын салғаны көрініп тұр.

Қасымызға таяған даяшы апай (ұлтын татарға ұқсаттым) қолымызға менюді ұстатты. Ұлттық тағамдар көшін өзіміздің бешбармақ бастап тұр екен, бағасы 9000 вон, біздің теңгеге шаққанда мың теңгеден сәл асады. Одан кейін лағман (7000вон), тауық сорпасы (5000вон), кеспе (6000 вон), тұшпара (6000 вон) деп кете береді.Екінші тағамдар тізімінде қуырдақ, гуляж, манты, палау бастаған сізге аса таңсық емес тамақтар «жайғасыпты».

Бір атап өтерлігі, тағамдардың бәрі тура өзіміздегідей дәмді әрі майлы болып дайындалады екен. Сондықтан бір кезек өзіңді расымен Қазақстанда отырғандай сезінесің. Бірақ үнемі құрғақ әрі жеңіл тамақ жеп үйреніп қалғандықтан майлы тамақтың бірден асқазаныңа күш түсіріп, аздап жүрегіңді айнытатыны тағы бар.

Нұрсұлтан бешмармақ, ал мен лағман жедім)))

Өткен жолғы жазбаларымның бірінде Кореядан Қазақстанның белгі-нышанын таба алмай жүрмін деп жазғаным естеріңізде шығар. Міне, Аллаға шүкір, сол «жоғымды» тауып, қазақ асханасын көрудің де сәті түсті. Дәм бұйырды деген осы шығар. Әлдеқалай Кореяға жолыңыз түсе қалса, «Қазақстанға» келіңіз, мұны да өз көзіңізбен көрген бір ғанибет екен!

 

 

 


Responses

  1. “Қазақстанға” және Қазақстанға да жиі бас сұғып тұрыңыз )))


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Connecting to %s

Категориялар

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.