Posted by: rauan | Желтоқсан 11, 2011

КОРЕЯДАҒЫ “ҚАЗАҚСТАН”

Ойымда ештеңе жоқ, корей тілі сабағында отырғанмын, бүгінгі тақырып «Ресторан» болғандықтан ба, мұғалім кенет «Сеулде қазақ асханасы бар ма?» деп сұрады менен. «Жоқ» дедім амалсыз мұрнымның астынан міңгірлеп.  Қапелімде менің қысылғанымды сезініп ол да ыңғайсызданып қалды. Сонымен бүгінгі тақырыпқа орай өрбуі тиіс диалогымыз осы жерден кілт үзілді. Арада біраз уақыт өткен соң тобымызда бірге оқитын «мигук сарам» (америкалық) өз нетбугынан интернет кезіп отырып: «Сеулде «Қазақстан» деген ресторан бар екен» демесі бар ма? Ал саған керек болса! Алдыңғы қысылған қысылған ба, енді тіпті қысылғаннан қыз болайын дедім. Әрине, білмегенім үшін. Бір жағынан жат жұрттың алдында біздің де ел қатарлы өз асханамыз барына марқайып қалдым. Бұл да болса көңілге жұбаныш…

Елдің дәмін сағынған  түлкіқұрсақ студенттер Доңдэмун ауданында орналасқан «Қазақстан» ресторанын (ресторан деуге келе қояр ма екен?)қуыс-қуысты аралай жүріп әрең таптық. Алыстан менмұндалап шақырып тұрар көрнекті жерде орналаспаса да, бір жақсысы сол жердегі өзбегі, орысы, қырғызы мен моңғолы аралас орыстілді жамағайын жақсы біледі екен «Қазақстанды», сұрай қалсаңыз мүдірместен жөн сілтеп жібереді. Біз жол сұраған қырғыздың айтуы бойынша сол жақтағы тар көшеге түсіп, әр ғимараттың маңдайына бір жалтақтап келе жатқанымызда алдымыздан Қазақстанның туы жарқ ете қалды. Біз іздеген «Қазақстан» осы еді!..

Біз келгенде дәл ортадағы қосылған екі үстелдің басында дабыр-дұбыр айғайға басып шетелдіктер отыр екен, араларынан өзіміздің қаракөз қарындастарымызды байқап қалдық, шамасы солар қонақ қылып жатқанға ұқсайды. Ал шеткі үстелдерден өзіміз секілді бірен-саран қазақ студенттері көзге шалынды.

Ресторанның іші қазақы стильде жасалғаны бірден байқалады. Жалаушалар, ою-өрнектер, қабырғада ілулі тұрған картиналар, қамшылар, батырдың қалқаны, экраннан көрсетіліп жатқан қазақстандық эстрада жұлдыздарының бейнеклиптері т.б осыны аңғартады. Қазақылықтың иісі аңқып тұруы үшін мейрамхана иелерінің осындай жайлы атмосфера туғызуға барын салғаны көрініп тұр.

Қасымызға таяған даяшы апай (ұлтын татарға ұқсаттым) қолымызға менюді ұстатты. Ұлттық тағамдар көшін өзіміздің бешбармақ бастап тұр екен, бағасы 9000 вон, біздің теңгеге шаққанда мың теңгеден сәл асады. Одан кейін лағман (7000вон), тауық сорпасы (5000вон), кеспе (6000 вон), тұшпара (6000 вон) деп кете береді.Екінші тағамдар тізімінде қуырдақ, гуляж, манты, палау бастаған сізге аса таңсық емес тамақтар «жайғасыпты».

Бір атап өтерлігі, тағамдардың бәрі тура өзіміздегідей дәмді әрі майлы болып дайындалады екен. Сондықтан бір кезек өзіңді расымен Қазақстанда отырғандай сезінесің. Бірақ үнемі құрғақ әрі жеңіл тамақ жеп үйреніп қалғандықтан майлы тамақтың бірден асқазаныңа күш түсіріп, аздап жүрегіңді айнытатыны тағы бар.

Нұрсұлтан бешмармақ, ал мен лағман жедім)))

Өткен жолғы жазбаларымның бірінде Кореядан Қазақстанның белгі-нышанын таба алмай жүрмін деп жазғаным естеріңізде шығар. Міне, Аллаға шүкір, сол «жоғымды» тауып, қазақ асханасын көрудің де сәті түсті. Дәм бұйырды деген осы шығар. Әлдеқалай Кореяға жолыңыз түсе қалса, «Қазақстанға» келіңіз, мұны да өз көзіңізбен көрген бір ғанибет екен!

 

 

 

Posted by: rauan | Желтоқсан 9, 2011

КОРЕЙ СТУДЕНТІ 3: КӨЗІЛДІРІК

Өз пайымымда, егер корейлердің үштен бірі көзілдірік киеді, үштен бірі көзге линза тағады десем, шындықтың ауылынан аса алыстамаған болар едім деп ойлаймын. Жергілікті мемлекеттік статистика мекемесінен тәуелсіз жүргізілген баламалы жеке зерттеуімде дәлдік жетіспеуі мүмкін, оған бола корей үкіметі мені жазғырып, жауапқа тартып, жазалай қоймас.

Алғаш корей жеріне аяқ басқанымнан-ақ, мұнда көзәйнек тағу сән екен деген тұжырымға келгенім есімде. Көзілдірік киюді аса ұнатпайтын елден келген мен үшін мұндай тоқ етер тұжырымға тоқталудың сыры түсінікті де. Өйткені логикалық тұрғыдан алып қарағанда, жасы бар, жасамысы бар, осынша көп адамның жанарында «ақау» болуы мүмкін емес қой. Арада біраз уақыт өткен соң әлгі дүдамал ойымның түбіті шығып,  шамасы бұл жергілікті ұлтқа ғана тән денсаулық кінәраты шығар деген ойға біржола қонақ берейін дедім. Себебі, егер ғылыми емес, тәжірибелік тұрғыдан үңіле қарайтын болсақ, бесіктен күні кеше белі шыққан бес жасар баланың өзі көзілдірік тағады мұнда.

Ұятты жиып қойып, мен жақында көкейімді тескен осы сауалды корей досыма көлденең тарттым. Оның жауабы қысқа болды, «көп адамдар көру қабілетін мектепте оқып жүрген кезде-ақ жоғалтады» дейді ол.

– Неге?

– Өйткені жоғары мектептің (high school) өзінде оқушылар он алты сағат мөлшерінде сабақ оқиды, мұның бәрі көз жанарының нашарлауына әсерін тигізбей қоймайды.

Бұрын мүлдем ойыма кіріп-шықпаған  мына жауап мені расында ойлантып тастады. Осыған дейін ойға түйіп, көңілге тоқыған «гипотезамның» күл-паршасын шығарған жаңа «теорияның» рас-өтірігін тексермек боп, интернетке жүгіндім баяғы. Обалы нешік, досымның айтқаны бір грамм өтірігі жоқ ақиқат болып шықты. Жоғары мектеп оқушысының өзге түгіл тіпті жеке өміріне де уақыты болмайтынына көзім жетті. Егер сенбесеңіз, жоғары мектеп оқушысының күнделікті өмір сүру режиміне көз салыңыз.

Гёңбук шет тілдері жоғары мектебінің оқушыларына арналған күн режимі

6.30 – ұйқыдан тұру

           билеу, аэробика, жүгіруден тұратын жаттығулар кешені;

           Таңғы ас (әдетте күріш, кимчи, сорпа, йогурт, алма);

           Беті-қолын жуу немесе душ қабылдау;

           Жатақхана бөлмесін тазалау, жуу;

7.50 – Мектеп ресми түрде өз жұмысын бастайды

           Яджа деп аталатын оқу бөлмесінде оқушылардың өз бетімен сабақ                  пысықтауы;

9.20 – Әрқайсысы бір сағат немесе 90 минуттан тұратын төрт сабақтың алғашқысы

1.10 – Түскі ас (әдетте күріш, кимчи, сорпа, бибимбап, қызанақ.

            Кейде горох немесе балықпен қосылған спагетти).

1.45 – Өзге сабақтар.

4.00 – Оқушылар өз топтарымен бірге мектепте тазалық жұмыстарын жүргізеді.

4.20 – Келесі сабақ.

6.00 —  Кешкі ас.

7.00 – Оқушыларды тізім бойынша түгендеу және яджада өз бетімен сабақ оқуы. Арасында 30 минуттық үзілісі бар бұл оқу процесі әдетте түнгі 11.00-ге дейін ұласады. Ал емтихан уақыты кезінде түнгі 1.30-ға дейін немесе одан да кеш қалуы мүмкін.

Міне, осындай тығыз кестеге құрылған жүйеде білім алатын Корея оқушылары көз майын мектепте тауысатын болуы керек. Ендеше мұндай жүйеге құрылған оқудан соң мектеп қабырғасынан көзәйнек «кимей» шығудың өзі ұят секілді…

Корей студенттерінің көру қабілетінің төмен болуының тағы бір себебі тікелей техникамен байланысты. Теледидар, компьютер, нетбук, айпад, айфон т.б. заманауи құрылғылар үнемі студенттің қасынан табылатын айнымас серігі болғандықтан, оның да үлкен мөлшерде көзге зардап-зиянын тигізіп жатқаны анық.

Бірақ көзімізді құртамыз-ау деп ілім-білімнен, техникадан бас тартып жатқан ешкімді көрмейсің. Өйткені бұның бәрі бүгінде қай салада да жоғары жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген Корея қоғамының бөлінбес бөлшегіне айналып кеткелі қашан.

Posted by: rauan | Қараша 29, 2011

ФАЙТИҢ!!!

Семестрдің соңы тақаған соң сабақтар да күрт қиындап кетті. Әрқайсымыздың мойнымызда қос-қостан тапсырма бар. Аралық бақылауға дейінгі өміріміз рахат еді, ара-тұра тапсырма орындағанымыз болмаса, көбіне-көп профессорға қонақтап барғандай қамсыз-қаперсіз жүретінбіз. Тіпті сол өмірімізге ептеп үйреніп те қалып едік. «Жүгі жеңіл есек жатаған келеді» деп, анда-санда профессорымыз үй тапсырмасын бере қалса, мұрнымызды тыржитып, қабағымызды кіржитетінімізді қайтерсің. Ой, өмір-ай!..

Аралық бақылауды тапсырып, семестрдің екінші бөлігіне аяқ басқан соң-ақ баяғы мамыражай тірлігіміздің шырқы бұзылды. «Көтере алмасаң, қоса арқала» дегендей профессорлар үсті-үстіне үйді дерсің тапсырманы. Әр сабақтан презентация, group project дегендері шаршатып бітті. Одан қалса күн сайынғы үй тапсырмасы тағы бар. Мұнда біздегідей семинар сабақта оқушы құсап көптің алдында сабақ айту деген атымен жоқ, сол күнгі тақырыпты бір бетке қысқаша сараптап жазып шығасың да, «e-class» деген университеттік торап арқылы профессорыңа жөнелтесің. Ал семинар сабақта көбіне әлгі презентация мен group project-ке көңіл бөлінеді. Менің негізгі қиналатыным да осылар. Қанша дегенмен озық елдің өрендері емес пе, корей студенттер лып-лып етіп техниканың құлағында ойнайды, презентация дегеннің жеті атасын көрсетеді. Ал group project дегенге аса ыждағаттылықпен, жауапкершілікпен қарайтыны сүйсінтеді.

Негізі осы жүйені біздің оқу саласына да енгізсе ғой деп ойламын кейде. Өйткені презентация студентті өз бетімен ізденуге, ойын, білімін жүйелі жеткізуге, көптің алдында өзін емін-еркін ұстай білуге т.б. көптеген игіліктерге үйретеді. Ал group project ең алдымен топпен жұмыс істеуге, көптің тілін табуға, өз ойыңды дәлелдей білуге, жаңашылдыққа, шығармашылыққа баулиды.  Шамасы келешек мамандарды ұжымдық жұмысқа осылай дайындайтын болуы керек. Өйткені Кореяда топтық, ұжымдық жұмыс өте үлкен маңызға ие. Кейде үлкен бір жауапты жұмысқа кіріспес бұрын ұжым болып кафе-ресторанға барып, ортақ мақсатқа қол жеткізу жолында бір-бірінің жігерін жанып, командалық рух қалыптастырады. Ал егер сол ұжымның алдына қойылған тапсырма табысты орындалған болса, бірі қалмай тағы да мейрамханаға барып, әлгі жетістікті міндетті түрде жақсылап атап өтеді.

Group project-тің негізгі мақсаты да осыған келеді, топ мүшелерімен бас қосып, белгілі бір тақырып аясында бірігіп жоба дайындау үшін идеялар ұсынасың, жоспар жасайсың, бағдарламасын түзесің, өзектілігін талқылайсың, зерттеу жүргізесің, сосын оны Power Point-пен мұқият әзірлеп, топпен бірге аудиторияның алдында қорғап шығасың. Ал осы процестердің жүзеге асуы барысында топ мүшелерімен жақынырақ танысудың, тілдесудің, білісудің сәті түседі. Шаршаған кезде бірігіп кофе ішуге немесе басқа да демалыс орындарына баруға мүмкіндік туады. Кореяның оқу жүйесі сонысымен де қызық әрі тиімді сияқты. Қалай дегенмен де әйтеуір құр босқа сенделіп, бекерге уақыт өткізіп жүрмегеніңді сезінесің.

Айтпақшы, ертең group project қорғаймыз. «Файтиң!» деп корейлерше өз-өзіме күш беріп қояйыншы.)))  

 

Posted by: rauan | Қараша 23, 2011

ТАРИХИ КОНТРАСТ

Өткен ғасырдың сарқытындай боп жықпыл-жықпылдың, қуыс-қуыстың арасында қалып кеткен мына жәутік тамдар бір кездегі кедейшілік пен жоқшылықтан бас көтермеген Кореяның шынайы келбетін көз алдыңа әкеледі. Кезінде Сеул бірыңғай осындай үйлерден тұрған дейді білетіндер. Қазір мұндай үйлерді Сеул көшелерінен іздеп таппайсың. Айналдырған жиырма-отыз жылда адам сенгісіз серпімді секіріс жасауға болады екен. Ұлтарақтай ғана жері бар, жерасты, жерүсті байлықтарына бөгіп отырмаған Корея соны дәлелдеді. Иә, Сеул бір күнде салынған жоқ. Мың-миллиондардың қажыр-қайраты мен ақыл-ойы, ащы тері төгілді осы жолда. Тонның ішкі шалғайындай боп қалып кеткен осынау бір алақандай жер көөөөп сыр айтып тұрғандай болады маған.

Естеріңізде болса, өткен жазбамда Кореядағы Ханкук Шетел Зерттеулері Университетіндегі Орта Азия тілдері кафедрасында оқып жатқан корей студенттері туралы айтқан едім. 2004 жылы алғаш түлектерін ұшырған бұл кафедрада бүгінде елуге жуық студент қазақ тілі мамандығы бойынша білім алып жатыр. Бұл, әрине, біз үшін үлкен қуаныш. Әйтсе де, корей жастарын қазақ тілі несімен қызықтырып отыр деген заңды сауал туындайтыны анық. Осы сауалдар төңірегінде аталған кафедра түлегі Ли Со Ыймен бір-екі ауыз тілдескен едік, соны назарларыңызға ұсынамын.

— Әу баста қазақ тілін меңгеруіңе не түрткі болды? Жалпы корей студенттерінің қазақ тілін таңдаудағы басты себебі неде деп ойлайсың?

— Ең алғаш Орта Азия туралы мектепте оқып жүргенімде тарих сабағынан біле бастадым. Әсіресе, біздің халқымыздың сол мемлекеттерге күшпен қоныстандырылуы туралы деректер менің Орта Азияға деген қызығушылығымды арттыра түсті. 1991 жылы Кеңес өкіметі ыдырап, тәуелсіздік алған жас мемлекеттер өз алдына дербес даму жолына түскеннен кейін Қазақстанның Орта Азиядағы үзеңгі мемлекеттерден оқ бойы оза шыққаны байқалды. Кореяның тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жедел қарқынмен дамығаны сияқты Қазақстанның да санаулы жылдар ішінде шет елдермен мызғымас дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, жер-жаһанға тез таныла бастауында, экономикасының қарқынды дамуында біздің елмен тағдырлас, тамырлас сабақтастық жатқандай көрінді. Әлем елдерінің көз алдында Қазақстан күн сайын өзгеріп, өркендеп, дамып келеді. Оның үстіне Қазақстан жерасты, жерүсті қазба байлықтарына бай ұлан-ғайыр ел болғандықтан даму мүмкіндігі зор мемлекеттер қатарына жатады. Міне, осы факторлардың бәрі әу баста беймәлім болып келген жаңа мемлекеттің тілі мен мәдениетін оқып, үйренуіме түрткі болды.

Соңғы жылдары қос елдің арасындағы достық, туыстық қарым-қатынастың нығая түсуі де келешекте осы саланың мамандарын қажет ететіні анық. Президентіміз Ли Мен Бактың Қазақстанға барған әр сапарында қол жеткізілетін уағдаластықтар көптеген корей студенттерінің бойында үміт отын жағып, Орта Азия мемлекеттерінің, соның ішінде Қазақстанның тілін үйренуге себеп болады ғой деп ойлаймын. Өз басым Қазақстанның жарқын келешегіне сеніп, тілін меңгеруге бел байлаған болатынмын.

— Бұл күндері қазақ тілі мамандығы бойынша бітірген түлектердің ішінде өз саласында жұмыс істеп жатқандары бар ма?

— Қазір Ханкук Шетел Зерттеулері Университетінің Орта Азия тілдері кафедрасында сабақ беріп жүрген түлектер бар. Кореяға келуші Ортаазиялықтарға гид боп қызмет көрсететіндерді білемін. Бірақ, шындығын айту керек, өз саласында жұмыс істеп жатқан түлектер саусақпен санарлық. Кореяда әзірге қазақ тілін қажет етіп жатқан мекеме жоқтың қасы. Ал Қазақстанда қазақ тілінен бұрын орыс тіліне сұраныс басым. Сондықтан қазақ тілі мамандығын бітірген түлектер жұмыс таба алмай, дағдаратыны жасырын емес. 2004 жылдан бері университет қабырғасынан түлеп ұшқан мамандардың көпшілігі өзге салаға ауысып кетті немесе екінші мамандық ретінде өзге тілді игеруде. Кейбіреулері Англия, Өзбекстан, Қазақстанда оқуларын жалғастырып жатыр. Келешекте Орта Азияға қатысты салада жұмыс істейтін студенттер саны көбейетініне үміттенгім келеді.

— Қазақ тілін оқу барысында қандай қиындықтар кездесті? Кезінде дәл осы тілді таңдағаныңа өкінбейсің бе?

— Қиындықтар, әрине, көп болды. Әсіресе, сөздіктің жоқтығынан қатты қиналдық. Қолда бар жалғыз корейше-қазақша сөздіктің сапасы мәз емес, ондағы сөздердің нақты мағынасын түсіну үлкен қиындық туғызады. Көбінесе іздеген сөздерді таппай дал боламыз, ал қате жазылған сөздер тіптен миыңды шырғалаң қылады. Сол себепті тіл игерудегі ең басты нәрсе – сөз жаттау жағы ақсап жатты. Кейде амалымыз таусылған соң корейше-орысша, орысша-корейше сөздікке жүгінуге мәжбүр боламыз, бірақ оның да қиындығы шаш-етектен. Өйткені, біріншіден, орыс тілін меңгеруіміз керек, ал меңгерген күнде де бір тілден екіншісіне аударып отыру қайран уақытыңды ысырап қылады. Екіншіден, қандай да бір тілді меңгергенде ешқандай бөтен тілді араластырмай, төте аударып үйренгеннің маңызы зор. Ал үшіншіден, орысшаға немесе ағылшыншаға қарағанда қазақ тілінің грамматикасы корей тіліне өте ұқсас. Әйтсе де, осындай қиындықтарға қарамастан қазақ тілі мен корей тілі Алтай тілдер тобына жтатындықтан тез үйрендім және қазақтармен сөйлесу арқылы қызығушылығым арта түсті. Әрдайым Қазақстанға барып, үйренгенімді тәжірибе жүзінде қолданып көргім келеді. Кейін мүмкіндігім болып жатса, Қазақстанға барып, білімімді толықтыру ойымда бар. Қазақ тілін білгеніме еш өкінбеймін.

Білуімше, кезінде Қазақстанға барып, бір семестр білім алып қайттың. Сол сапарыңда өзің үйреніп жатқан тілге байланысты көңілге түйген нәрселер болды ма?

— Қазақстанда қазақ тілін мемлекеттік дәрежеде қайта қолға алып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Кезінде Қазақстанға оқуға барғанымда да осы жағдай қазақ тілін алаңсыз үйренуге деген сенімімді арттыра түсті. Әсіресе, мен оқыған КИМЭП-те қазақ тілі міндетті пәндердің бірі болатын. Осы күні сол жердегі жергілікті студенттермен бірге оқығанымды ерекше есіме аламын. Әрине, өз тілін білмейтін немесе біле тұра сөйлегісі келмейтін студенттер де аз кездескен жоқ. Ащы да болса айтайын, қазақ халқының санасының әлі өзгермегені жаныма батады. Қазақ тілін үйреніп жатқан шетелдік студенттерге сенімсіздікпен, сезіктене қарайтыны өкінішті. Шамасы өз Отанында қажетсіз тіл бұларға неге керек бола қалды екен деген күдік иектейтін болуы керек. Шіркін, егер олар қазақ тілінің қандай керемет екенін білсе, өз ұлтына, тіліне деген мақтаныш, сүйіспеншілік пайда болар еді деп ойлаймын. Мемлекеттің дамуы тек қана экономикалық көрсеткіштерге байланысты емес, оның азаматтарының намысы мен рухы кез келген ортақ іске жұмыла кірісудегі ең басты факторлар дер едім.

— Әңгімеңізге рахмет!

 

Posted by: rauan | Қараша 20, 2011

КЕЗДЕСУ ДЕГЕН ОСЫ!

Осыдан бір-екі жыл бұрын турасында болуы керек, «Қазақстан» телеарнасынан Оңтүстік Кореяда қазақ тілін оқып  жатқан корей студенттері туралы арнайы хабар берілгенде, көгілдір жәшіктің ішіне түсіп кетердей боп, әрі таңырқай, әрі сүйсіне тамашалағаным есімде. Бір ғажабы сол, сонау қиыр қонып, шет жайлаған елдің шәкірттері қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, домбырамен күмбірлете күй төгіп, қазақша би билей алады екен. Мен үшін үлкен жаңалық сол болды. Шіркін, осыларды өз көзіммен көріп, жүзбе-жүз танысып, көзбе-көз тілдесер ме едім деген арман көңілімде сол кезде көктесе де, қым-қуыт тіршіліктің қарбаласымен көңіл түкпірінде көміліп қала барыпты. Алайда араға жылдар салып, сол арманның шынарына қол созатынымды өзге түгіл өзім сездім бе екен десеңші. Армандар орындалады екен. Олай дейтінім, аяқ астынан Оңтүстік Кореяға оқу бағдарламасымен жол тарттым, өзге емес, ел астанасы – Сеулге топ еттім, онда да бақ-талайыма қарай ондаған басқа оқу ордалары емес, Ханкук Шетел Зерттеулері университетінде білім алу бұйырды. Ал қазақ тілін оқытатын Орта Азия тілдері кафедрасы дәл осы оқу орнында орналасқан.

«Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» демекші, осында білім алып жатқан, жүрегі елім деп лүпілдеген қазақ студенттерінің бірі (Аллаһ разы болсын оған!) қазақша білетін Поң Хён есімді корей студентімен танысуыма себепші болды. Поң Хёнмен ә дегеннен әңгімеміз жарасып жүре берді. Өткен жазда Алматыда, Семейде болып қайтыпты. Менің көкейімді тескен сұрақтар әлбетте белгілі, барынша әдептен аспауға тырысып, сауысқанның сақтығымен сыр суыртпақтаймын ғой баяғы. «Не ұнады Қазақстанда?» деймін, іштей қандай жауапқа да дайын отыруға бекініп. Мұндай сұрақты күтпеді білем, ә дегенде тосылыңқырап қалды. «Табиғат… өте әдемі! Тамақтары ұнады. Шашлык, лағман, палау, самса…» Өкініштісі сол, бұлардың ешқайсысы қазақтың тағамы емес еді. Бірақ оны айтып жатудың қажеті қанша? «Ааа, «Балтика» сырасы, айтпақшы» деді бір кезде жұлып алғандай. Ең ұнағаны осы болды-ау деп топшыладым іштей. Оның да қазаққа алты аласы, бес бересі жоқ, әрине. «Қазақтың қыздары қалай екен?» деймін аузына сөз салғандай боп. «Біздің қыздардан гөрі әдемірек. Бірақ бәрі дерлік биіктігі жарты қарыс біз тақа киеді екен» деді күліп. Онысы рас енді. Өз басым бұл жақта биік тақамен қалт-құлт етіп бара жатқан қыздарды көрмедім, көрсем де көңіл бөлмедім. «Ал көңіліңе көлеңке түсірген нәрселер болды ма?» деймін мен де тықақтап. Сүйтсем, Алматының көшелеріне сыймай, ағылып-төгіліп жататын сансыз көліктерден көрген екен көресіні. Ол да әрнені айтып, «әдептен» аспауға тырысты, әрине.

Таныстық деген кейде тарқатылған жіп секілді емес пе, бірден бірге жалғасып кете барады. Бір нәрсе бір нәрсеге себепші ғой өзі қашан да. Орта Азия тілдері кафедрасы орналасқан кампус Сеулден екі сағаттық жердегі Ёңин қаласында еді. Әне барам, міне барам деп жүргенде ойда жоқта Поң Хён хабарласты, Жұма күні «Орта азиялықтар түні» атты студенттердің іс-шарасы өткелі жатыр, қолың бос болса келуге тырыс деді. Ойбай, қолым бос болмақ түгіл кісендеулі болса да барам, күтіп ал деп хабар жібердім едел-жедел. Сонымен, қасыма сенімді серік қосып алып, Жұма күні «білміллә» деп жол басына шықтым.

Кампустың орналасқан жері қатты ұнады, таудың ортасында, мәуелі бау-бақтың ішінде екен. Тап-таза табиғат мүлгіп тұр. Танауыңды қытықтаған жасыл құрақтың, көкорай шалғынның иісін құмарың қанбай жұта бергің келеді. Құдай-ау, у-шудан алыс, тұп-тұнық ауасы бар мынадай жерде оқыған адамның ақыл-ойы екі есе алғыр болатын шығар деп қоямын іштей.

Кампусты жаяу-жалпы бір аралап шығып, Орта Азия тілдері кафедрасына бет түзедік. Онда бізді аталған кафедраның меңгерушісі, профессор Сон Ёң Хун мырза күтіп отыр. Ол Кореядан Қазақстанға алғаш тың салушылардың бірі, кезінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде алты жылдай уақыт жұмыс істей жүріп, қазақ тілін үйренген. Кейін елге оралған соң Ханкук Шетел Зерттеулері университетінде Орта Азия тілдері кафедрасын ашқан. Сүйтіп 2000 жылдардан бері қарай талай корей жастарының қазақ тілінде тіл сындыруына түрткі болған жан.

Профессор Сон Ёң Хун мырза бізді өте жылы қабылдады. Салғаннан жік-жаппар боп хал-жағдайымызды сұрастырып жатыр. Көптен ашылып ешкіммен хал-жағдай сұраспаған, тіпті қол ұшын беріп амандасуды да ұмыта бастаған көңіліміз аздап жетімсіреп жүр еді, профессордың ашық-жарқын әңгімесінен бірден қазақылықтың лебі есіп сала бергендей болды. Туһ, шіркін, өзінің шаруасы шалқып тұрмаса да, ешқашан өзгенің хал-жайын, мал-жанын сұрауда сараңдық танытып көрмеген  қазақтың кең-дария шалқар пейілінің қадірін осындайда ұғынады екенсің!

Профессор Қазақстаннан кеткеніне бірнеше жылдар өтсе де қазақ тілінде емін-еркін сайрап тұр. «Көп сөздерді ұмытып қалыппын, бұрын ағып тұрушы ем» дейді ағынан жарылып. Профессор отырған кабинетті көзбен шолып, әр нәрсеге зерделей қараймын. Сенесіз бе, көзге іліккен нәрсенің бәрі Қазақ елі туралы сыр шертіп тұрғандай. Ұлттық калориттегі сувенирлер, том-том кітаптар, күй табақшалары, сырмақ, жалауша, бәрі-бәрі көзіңе жылы ұшырайды.

«Орта азиялықтар түні» атты студенттер іс-шарасын көруге асығып, өзге ғимаратқа келдік. Міне, қызық, залға кіріп келе жатып қызылды-жасылды қазақ ұлттық киімдерін киген студенттерге еріксіз көзіміз түсті. Өзара корейше шүлдірлесіп жатса да, біртүрлі өз қандастарың секілді іш тартып қалады екенсің.

Сонымен концерт басталып кетті. Алғаш болып сахнаға шыққан Қайрат (корейше есімін білмедім, өкінішке қарай) деген жігіт домбырамен «Балбырауын» мен «Ерке сылқымды» нәшіне келтіре орындады. Залдағылар тегіс іштен тынып, күмбірлеген қос ішектің құдыретті әуеніне елітіп қалғандай. Күй бітер-бітпесте көрермен дүркірете қол соғып, дуылдатып ала жөнелді.

Қайратпен кейін оңаша тілдесудің сәті түсті, жарқылдаған жайсаң жігіт екен.  Күй ойнауды Қазақстанға бір семестрге оқуға барғанында үйренгенін айтты. Домбыраның құлағында ойнайтын жігіт бес айда барлығы он екі күй үйреніпті. Таңғалып, бас шайқамасқа шараң жоқ.

«Қазақтың тағамдарын сағындым» дейді сөз арасында. «Бешбармақты жеп көрген шығарсың?» деймін ойымда ештеңе жоқ. «Әрине, мен оны қалай дайындауды да үйреніп алдым, осында кейде өзім пісіріп тұрам» дейді ол күлімсіреп.

Қайраттан кейін сахнаға шыққан қазақ ұлттық киіміндегі бір топ қыздар мен жігіттер қазақ биін билеп, құйқылжыған күйдің ырғағымен бірден көрерменнің көңілін елітіп әкетті. Әрине, өзіміздің бишілердей қайдан болсын, бірақ ешқандай үйретушісіз, жетекшісіз өз беттерімен үйренгенін есепке алсақ, осының өзі үлкен мақтау-мадаққа лайық деп ойлаймын.

Одан кейін концерт қазақ-өзбек әндерімен араласып, алма-кезек өрби берді. Әсерлі кештің соңы Қазақстан мен Өзбекстан туралы викториналық сұрақтармен жалғасын тапты. Өз еліміз туралы көп нәрсе білетін корей студенттерінің біліміне көңіліміз көп-көрім көтеріліп қалды. Сайыс нәтижесі бойынша соңғы сұраққа дейін сүрінбей жеткен студентке жүз доллар көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

Айтпақшы, кештен соң қазақ тілін оқып жатқан студенттермен бетпе-бет кездесіп, бір-екі ауыз тілдесудің сәті түсті. Жанар, Жұлдыз, Әлия, Аида деп жағалай таныстырып жатқандардың жартысының есімін ұмытып та үлгердім. Есімдеріне қарап қазақтар екен деп ойлап қалмаңыз, өздері меңгеріп жатқан тілде екінші ат иемдену үйреншікті нәрсе. Әрі қазақтарға да бұл есімдерді есте сақтау әлдеқайда оңайға соғары анық.

Мұнда барлығы елуге жуық студент қазақ тілін меңгеріп жатыр екен. Менің қазақша сөйлегеніме қыран-топан күліп, «қазақша тап-таза сөйлейді екен» деп таңырқасып жатты. Мұның астарында не жатқанын өздеріңіз де айнытпай ұғып отырған шығарсыздар.

Бұрын теледидардан көріп жүрген қазақ тілі пәнінің оқытушысы, отандасымыз Ләйла апайды да осында кезіктірдім. Өкінішке қарай, уақыттың тығыздығына байланысты көп сөйлесудің сәті түспеді.

Сүйтіп, Ёңиндегі көптен күткен ортаазиялықтар түні бір демде өте шықты. Ашық-жарқын жүздесулер, таныстықтар, өз еліңе деген жат жердегі ықылас-құрметті көріп көңілім өсіп, ерекше марқайып қалдым. Тілдерінде ғана емес, мінездерінде де қазаққа ұқсастық бар корей студенттерімен қимай қоштастық.

Біз мінген автобус күре жолға түсе салып әлденеге асыққандай Сеулге қарай ағыза жөнелді. Ал көңіл деген көк дөнен Кореядағы қазақ тілінің алтын бесігіндей болған Ёңинде қалып бара жатты…

Posted by: rauan | Қараша 16, 2011

КОРЕЙ СТУДЕНТІ 2: КОФЕ

Корея мен кофе – егіз ұғымдар десем, әрине, тапа-тал түсте көпе-көрнеу асыра сілтеген болар ем, алайда бұл елді кофесіз елестету әсте мүмкін емес. Кофені өсірумен де, өндірумен де, тіпті өңдеумен де айналыспайтын елде есесіне әр қадам аттаған сайын кофеханалар самсап тұр. Егер біреулер қазақты шайқұмар халық дейтін болса, онда корейлерге кофеқұмар деген теңеу дөп келетін сияқты. Әсіресе, кофені көбіне-көп ұйқыашар «дәрі» санайтын қазақ үшін корейлердің асқан кофешілдігі қапелімде таңсық көрінері хақ.

Мұндағы өмір тым қарбалас. Бір минут кідіруге мұршасы жоқ жанталасқан халық. Ол түсінікті де. Ересектер үшін жұмыс, ал оқушылар мен студенттер үшін оқудан маңызды ештеңе жоқ. Әдетте асыға аяңдап бара жатқан халықтың арасынан кофе ұстаған адамдарды жиі кездестіруге болады. Ал Америкадағыдай пицца немесе бургер асап, қос ұртын кезек-кезек бұлтыңдатып бара жататындар жоқтың қасы.

Әсіресе, студенттер көбіне сырттан аудиторияға кофе ұстай келеді. Сүйтіп әрі асқазанын жібітіп, әрі ұйқысын ашып, бір оқпен екі қоянды қатар атады. Студенттерді қойып, кейде профессорлардың өздері дәріс үстінде кофеден сораптап тұратыны бар. Бұл жергілікті студенттер үшін әбден қалыпты жағдай. Енді ше, ол да біз секілді адам ғой. Біздің елде ғой ол… білдей профессор… сосын адам.

«Dunkin’ Donuts’» корейлердің ұлттық мақтанышы

Корейлер кофені тек сусын түрі ретінде біледі десеңіз, қатты қателесесіз. Өзегіңді жалғайтын, шөліңді басатын, бойыңды жылытатын сусыннан бөлек, кофе ішу сонымен қатар белгілі бір демалыс түрі болып саналады. Досыңмен кездескенде, жұмыс пен оқудан қажығанда, немесе кітап оқып, өзіңмен өзің оңаша болғың келгенде кофеханалар таптырмас жайлы орын. Сонан кейін әлдебір мейрамханадан кекірігің атқанша лықа тойып, асқазанның қажетін артығымен өтеген соң әдетте, тоқ басу үшін кофе ішуге бару Кореяда кең тараған үрдіс. Түскі немесе кешкі астың ақшасын досың, яки танысың төлеп, сізді қонақ қылған болса, оның қайырымы ретінде кофеге шақырғаныңыз әбден дұрыс болады. Егер мейрамханада ұятыңыз сыр беріп, «бірігіп төлейік» деп таласып-тармаса бастасаңыз, «сен онда қазір кофе алып берерсің» деп ыңғайсыз жағдайдан оп-оңай шығып кететін жағдайлар аз кездеспейді. Ал кофеханаға барған соң корейлер кофені пирожное секілді түрлі тәтті-пәттімен жегенді өте-мөте жақсы көреді. Сонымен сен де ризасың, ол да риза, ешкім бір-біріне қарыз болып қалмайды.

Бүкіл әлемде кең тараған Srarbucks-тің корейше жазылуы маған басында қызық көрінді

P.S. Елде жүріп кофені сусын деп білмейтін мен де мұнда келгелі тіміскілеп кофе іздеп тұратын болдым. Сүт қатқан қою күрең шайдың орнын бұл күнде кофе басты. Корейге өтіп кеттің деп сөге көрмеңіздер!..

Posted by: rauan | Қараша 13, 2011

КОРЕЙ СТУДЕНТІ 1: РЮКЗАК

Маған сырттан келген шетелдік ретінде жергілікті корей студенттерінің өмірін бақылау аса қызық көрінеді. Әрине, мен бұл тақырыпта арнайы зерттеу жүргізіп, зертханалық сараптама жасап көрген емеспін, бірақ кейде еріктен тыс назарыңды аударатын кейбір ерекшеліктер мен айырмашылықтар олардың жалпы бет-бейнесі мен болмыс-бітімін айқындауға мүмкіндік береді ғой деп ойлаймын. Сондықтан бүгіннен бастап жазбаларымда олардың сырт пішіні мен өмір сүру салтындағы өзім байқаған кейбір детальдарға тоқталуды жөн деп таптым. Сонымен…

Менің мұнда келгенде ең алғаш байқаған дүнием – студенттердің басым көпшілігінің рюкзак арқалап жүретіні. Ұл демей, қыз демей, дорба арқалау бұл жақта сән екен деп ойлап қалмаңыз. Меніңше, керекті-керексіз заттарыңды аспа дорбаңа кере-мере сықап алып, күні бойы оқу жақта алаңсыз ілім-білім қууға осыдан қолайлы нәрсе жоқ сияқты. Оның үстіне корей студентінің дорбасында не болмайды десеңші, кемінде бір-екі кітап, IPad немесе нетбук, дәптерлер мен бір уыс толатын қалам-қарандаш, сосын сусын-мусын, тәтті-пәттілер жүруі мүмкін. Сондықтан алда-жалда Кореяға жолыңыз түсіп, дорба арқалаған жастарды көрсеңіз, бұл қара қытайша қаптаған неғылған көп туристер деп мұрныңызды тыржитып, ерніңізді сылпитып жүрмеңіз!..

Posted by: rauan | Қараша 10, 2011

АЙДЫҢ ДА КӨЛЕҢКЕСІ БАР…

Сеул орталығындағы көшелердің бірімен аяңдап келе жатып «Free hug» (Тегін құшақ) деген тақтайшаны ұстап тұрған қыз бен жігітке көзім түсті. Әлгі екеуі құшақтасуға ниет білдірген көшедегі кез келген адаммен бая-шая, мәре-сәре болып қауышып жатқаны. Сол арқылы халықтың арасында өзгелерге жүрек жылуын сыйлай білуді, мейірімділік пен бауырмалдықты насихаттап тұр. Несі бар, ыстық құшақ пен жылы сөзге зәру, жетімкөңіл адамдар қаншама қоғамда?

Расында мына шеті мен шегі көрінбейтін алып шаһарда не жоқ дейсіз, құдай-ау, не керектің бәрі бар. Тек жылылық жоқ сияқты. Әлдеқайда сүрініп-қабына асыққан адамдар бірін-бірі ұмытып, тек материалдық құндылыққа қол жеткізуге жанталасады. Сүйтіп қоғамнан алыстап, өз-өзімен тұйықтала береді. Көшеде де, қоғамдық көлікте де өзінен өзге дүниені ұмытып, тек IPhone немесе Ipad-қа шұқшия телмірген халықты көресің. Осыған қарап, кейде тым дамып кеткен қоғамның да осындай көлеңкелі жақтары бар екен-ау деген ой шымшылайды. Айдың да көлеңкесі бар деген рас-ау.

Көшеде «free hug» деп тұрған қыз бен жігітке қарап, келешекте құшақ пен көңіл де сатылар ма екен деген сұмдық ой келді.

Ал сіз жақын адамыңызды соңғы рет қашан құшақтадыңыз?

Posted by: rauan | Қараша 2, 2011

СОНБЭге ҚҰРМЕТ, ХУБЭге ІЗЕТ

Үлкенге құрметпен қарау – корей ұлттық мәдениетінің ажырамас бөліктерінің бірі. Үлкен болғанда да кәрі-құртаң немесе егде тартып қалған адам болуы шарт емес, бір жас айырмашылықтың өзі қарым-қатынастағы үлкен мән-маңызға ие. Қыздар әдетте жігіттерге бір жас үлкен болса да «оппа» деп атайды, ал қыздарға «онни» дейді. Егер бір жас айырмашылықтың өзі осындай құрмет пен сыпайылықты талап ететін болса, жасы үлкен адамдарға қалай қошемет танытатынын өздеріңіз бағамдай беріңіз.

  Корей студенттерінің арасында «сонбэ» және «хубэ» деген    ұғымдар бар. Біріншісі жоғары курстың студенттеріне арнап айтылса (яғни біздегі «старшак» ұғымы), екіншісі төмен курстың студенті деген мағынаны білдіреді. Бір қызығы, осы сонбэ мен хубэның арасында ешқашан бұзуға болмайтын жазылмаған қағида бар. Мәселен, егер сен жоғары курс студенті болсаң (яки сонбэ), хубэге үнемі қарайласып, қамқорлық танытып жүруің абзал. Егер хубэнің ақшасы болмай, қарны ашып қалатын болса, сонбэ ретінде қол ұшын созу саған жүктеледі. Өйткені өзің де бір кездері сонбэлердің қамқорлығын көргендіктен, енді соның қайтарымы ретінде кейінгі толқын інілерге ізет танытуға міндеттісің.

Бұл, әрине, ешкімді заңдық тұрғыда міндеттеп, күштемейді, егер қалтаңнан артық ақша шығаруға бейіл болмасаң, онда ол сенің өз еркіңдегі нәрсе. Бірақ, меніңше, Кореяда ондай жағдайлар өте сирек кездеседі, тіпті мыңнан бір болуы мүмкін. Көп ретте сонбэ хубэні асханаға өзі ертіп апарады (әрине, күнде емес қой). Ал егер қалтасында ақша болмаса, хубэнің тамақ немесе сусын алып бер деп қолқа салуы ешқандай тұрпайылық немесе біздегідей ұят нәрсе саналмайды. Корея мәдениетінің ерекшелігі мен артықшылығы да осында шығар, бәлкім.

Сонбэге құрмет, хубэге ізет таныта білетін елдің жаһанданудың ықпалына түспей, осы бір ұлттық мәдениетті әлі күнге дейін жоғалтпай келе жатқанына іштей сүйсінесің. Сосын өзімнің жоғары оқу орнының табалдырығын енді аттаған көкөрім, бозөкпе кезімді есіме алып, еріксіз күліп жіберем. Біздегі сонбэлер хубэнің есебінен тамақтанатын кездер аз емес еді ғой…

Older Posts »

Категориялар